«ZHÝLANDY FEST». Дәл осындай атаумен Жетісу облысының Жыланды ауылында жас инженерлердің халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Алғаш рет ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр аймағынан және Қырғыз Республикасынан 200-ден астам өнертапқыш қатысты. Жас дарындар өздері құрастырған роботын сынап, электромобильдермен жарысқа түсті.
Бауыржан Дүйсенбаев Жыланды ауылындағы мектеп оқушыларымен бірге электромобиль құрастырған. Сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүйткитін құрылғымен ол Жыландыдан Төңкеріс ауылына дейін барып қайтты. Жарыста электрокарлардың жылдамдығымен қатар тоқ үнемдеу көрсеткіші ескерілді.
Бауыржан Дүйсенбаев, Жыланды ауылындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мұғалімі:
- Қазақстанда оқушылар құрастырған алғашқы машина. Бұған өте көп еңбек кетті. Барлығы есептелді. Ең алдымен адамның қауіпсіздігі, аэродинамикасы, электро сыйымдылығы есептелді. Бұл халықарлық деңгейдегі жарыстарға қатыса алатын көлік деп санаймыз.
Ал робототхника сайысында оқушылар құлтемірмен түрлі тапсырманы орындады. Берілген уақытта төртбұрышты заттарды жинап, оларды ілгекпен ілу бойынша жарысқа түсті. Байқауда әлемдік деңгейдегі додаларда үздік деп танылған командалар да бақ сынады.
Бақтияр Жұмағали, «Sana» командасының мүшесі:
- Біз алдыңғы айда Америкаға Қазақстанның атынан бардық. Сол жақта ең үздік 20 команданың қатарына кірдік. Қазақстан намысын қорғап, жеңіспен қайттық және қазіргі уақытта Жыланды жарысына қатысып жатырмыз. Жеңіске жетеміз деген ойдамыз.
Еңлік Есеусіз, «Жетісу» командасының мүшесі:
- Біздің осының алдында Қытай елінде, Шанхай қаласындағы байқауға қатысып, «Connected world» марапатына ие болдық. Шанхайдан шыққанымыз біз үшін дамуға керемет мүмкіндік болды. Біздің қазір ауылдық өңірде робототехника дамытып, жастарға шабыт беріп және де әлемдік басқа да деңгейлерде өзіміздің еліміздің көк туын желбіретсек деп отырмыз.
Фестиваль барысында жоғарғы оқу орнының ұстаздары оқушыларға кәсіби бағдар беріп, қарым-қабілетіне қарай мамандық таңдауға көмектесті. Ғалымдар мен технократ шәкірттерді байланыстырған ауқымды шараның Жыландыда ұйымдастырылуының өзіндік терең мәні бар. Осы ауылда қазақтың тұңғыш инженері Мұхаметжан Тынышбаев дүниеге келген.
Асылбек Мурзахмет, «USTEAM Foundation» қорының жетекшісі:
- Біздің ең басты мақсатымыз – таланттарды табу және осы университетте оқып жатқан студенттердің потенциалын ашу. Бес жылдан астам робототехника және басқа да әртүрлі инженерлік жарыстарды жасаймыз. Дрондар, ракета ұшыру жарысын, спутниктер жарысын жасаймыз. Осы бес жылда 20 мыңнан астам оқушыны қамтыдық.
Жарыс қорытындысында «Білім-инновация» лицей-интернатының екі командасы және Назарбаев мектебінің оқушылары үздік деп танылды. Ал электромобильдердің сайысында Назарбаев университетінің шәкірттері өзгелерден оқ бойы озық келді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталып, жоғары оқу орындарының гранттары берілді.
Бауыржан Оспанов, кәсіпкер, меценат:
- Автомобиль құрастырумен біз келістік. Біздегі белгілі кәсіпкер, «Астана Моторс» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов пен менің өз компаниям демеуші болып отыр. Жеңгендердің бәрін бізден практика өтуге шақырамыз. Ұнап жатса, әрине, оларды жұмысқа аламыз.
Келешекте «ZHÝLANDY FEST» турнирінің ауқымы ұлғайтылады. Ұйымдастырушылар енді робототехника, электромобильдермен қатар ұшу аппараттарының және ракета құрастырушылардың жарысын өткізеді. Сол арқылы жас дарындардың талабын шыңдап, қолдау көрсетпек.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев