Current Date: 16-06-2025

Депутат көмекшісінің жалақысын өзі алып отырған

Бурятияда экс-депутат қызметкерінің жалақысын өзі алып отырған.

Бурятия Республикасының прокуратурасы хабарлағандай, бұрынғы депутат өз қызметкерінің жалақысынан заңсыз түрде 1 миллион рубльге (6 млн теңге) жуық қаражатты иемденіп, сотқа тартылды.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 159-бабының 3-бөлімі (қызметтік жағдайын пайдаланып, ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында бұрынғы Халық Хуралының депутаты бірнеше ай бойы өз қызметкерін әдейі алдағаны белгілі болды.

«Информ Полис» басылымының дерегінше, бұл – Халық Хуралының алтыншы шақырылымының депутаты, КПРФ мүшесі Виктор Мальцев. Ол жаңа қызметкерді жұмысқа қабылдау барысында жалақы мөлшері туралы жалған ақпарат беріп, нақты 60 мың рубль орнына тек 20 мың рубль ғана алатынын айтқан.

Осылайша, Мальцев 6 млн теңгені өз пайдасына жаратып үлгерген. Сот үкімімен бұрынғы депутат екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді.