Абай облысында прокуратура 700-ден астам мүгедек азаматтардың "инватакси" қызметіне тәулік бойы қол жеткізу құқығын қалпына келтірді.
Семей қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау саласында заң бұзушылықтарды анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, "инватакси" қызметін көрсетуде талаптар сақталмаған. Мердігер ұйым қызметтің тәулік бойы қолжетімді болуы тиіс деген міндетті талаптарға қарамастан, тасымалдауды тек сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, жүзеге асырған. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың уақытылы көлік қызметін алу құқықтарын шектеген.
Прокуратураның араласуынан кейін мердігермен жасалған шарт мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкестендірілді. Қазіргі уақытта "инватакси" қызметі тәулік бойы, үзіліссіз және демалыссыз көрсетіледі.