Сиань (Қытай) қаласында әртістік жүзуден World Aquatics ұйымының қолдауымен өткен Әлем кубогының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Маусымның қорытынды сайысында әлемнің үздік спортшыларымен қатар Қазақстан құрамасының өкілдері де өнер көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Olympic.kz мәліметінше, өз жерінде өткен кезеңде Қытай құрамасы сенімді өнер көрсетіп, алтын медальдардың басым бөлігін жеңіп алды. Бұл турнирде спортшылардың алған жүлделері ерекше мәнге ие болды. Себебі олар Әлем кубогының жалпы есебіндегі орынды анықтауда шешуші рөл атқарды.
Жалпы есепке маусым барысында өткен барлық кезеңдердегі нәтижелер енгізілді. Биылғы жарыс күнтізбесінде төрт Әлем кубогының кезеңі өтті. Маусым бойы Қазақстан құрамасы жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл отандастарымызға Кубокты көшбасшылар қатарында аяқтауға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы топтық бағдарламаларда (барлық дисциплинадағы ұпайлар саны бойынша) қола жүлдеге ие болды. Жүлдегерлер қатарында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Әйгерім Құрманғалиева, Ксения Макарова, Арина Мясникова, Анна Павлецова, Жаклин Якимова, Жания Жиенғазы, Ясмин Туякова және Валерия Столбунова бар.
Қазақстан құрамасынан өнер көрсеткен әйелдер жұбы екінші орынды иеленді. Техникалық бағдарламада ел намысын Ясмин Туякова мен Арина Пушкина қорғады. Еркін бағдарламада Туяковаға ұпай жинауда Даяна Жаманчалова серік болды.
Сондай-ақ, аралас жұбымыз да Әлем кубогын сәтті аяқтады. Жалпы есепте Виктория Столбунова мен Артур Майданов үшінші орынды сақтап қалды. Бұл біздің спортшылардың жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін көрсетті. Ерлер арасындағы жекелей бағдарламада Виктор Друзин төртінші орынмен шектеліп, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Айта кету керек, биылғы маусымда біздің спортшылар бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ақпанда Парижде (Франция) өткен кезеңде Виктор Друзин алтын медаль жеңіп алса, Эдуард Ким ел қоржынына күміс медаль салды. Ал Хургадада (Мысыр) өткен кезеңде Эдуард үшінші нәтижемен жарысты аяқтады.
Сондай-ақ, өткен жылы Виктор Друзин World Aquatics нұсқасы бойынша “Жыл спортшысы” атағына ұсынылған болатын.
Қазақстанда әртістік жүзу біртіндеп дамып келеді. Бұл – спортшыларымыздың аралық нәтижелерінен айқын көрініп отыр. Халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелер қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі мықты қарсыластармен тайталаса алатынын және кейбір бағыттарда үздіктердің қатарына жақындай түскенін көрсетеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының дзюдошысы Абылайхан Жұбаназар Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында жеңіліп қалғанын жазғанбыз.