Жетісу облысының Жыланды ауылында инженерия, робототехника және болашақ технологиялары саласындағы ең жарқын жастар фестивальдерінің бірі "Zhýlandy Fest — 2025" өтті. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам дарынды оқушы мен студент қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен .
Іс-шара үш бағытты қамтыды: Future Race — болашақтың экологиялық жарысы (Жыланды — Төңкеріс бағыты бойынша), Zhýlandy International First Championship халықаралық робототехника турнирі, Open Day университеттер жәрмеңкесі.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған "Future Race" байқауында мектеп оқушылары мен студенттер құрастырған 9 тәжірибелік электромобиль жарыс жолына шықты. Қатысушылар тек жылдамдық үшін ғана емес, тұрақты көлік пен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша өз инженерлік шешімдерін көрсету үшін де бақ сынады. Жеңімпаздар көлік жылдамдығы мен жұмсалған энергия көлемі негізінде анықталды.
Future Race жеңімпаздарының қатарында 1-орынды Bulan командасы, Назарбаев Университеті жеңіп алса, 2-орын ALT Alash командасына тиесілі болды, 3-орынды Назарбаев Университетінің BBC командасы иеленді, 4-орын — Shalqar командасы, ҚБТУ, 5-орынға Zhel Zhylandy Engineering Legion командасы, Жыланды ауылындағы лицей-интернат ие болды.
Шара аясында өткен Open Day университеттер жәрмеңкесі аясында еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынды. Олардың қатарында SDU Университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы технологиялық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Логистика және көлік академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да оқу орындары бар.
Фестиваль қонақтары NASA байқауларының жеңімпаздарынан зымыран жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.