Current Date: 17-06-2025

Қытай азаматтарын Израильден кетуге шақырды

Бұл туралы Қытайдың Тель-Авивтегі елшілігі WeChat желісіндегі ресми парақшасында хабарлады , деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қытай үкіметі Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты өз азаматтарына Израильден шығуға кеңес берді.

"Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс ушығып барады. Азаматтық инфрақұрылымға зақым келіп, бейбіт тұрғындар арасында адам шығыны артып отыр. Жалпы қауіпсіздік ахуалы күрт нашарлады", — делінген ресми мәлімдемеде.

Израиль әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қытай елшілігі өз азаматтарына елден Иорданиямен шекарадағы құрлық өткелдері арқылы шығуға кеңес беріп отыр.

Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс

13 маусымда Израиль Иран аумағындағы ядролық нысандар мен әскери басшылық шоғырланған аймақтарға әуе соққыларын жасады. Шабуыл нәтижесінде Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы, бірнеше жоғары шенді офицер мен ядролық саладағы тоғыз маман қаза тапты. Сонымен қатар, бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны 224 адамға жетті.

Жауап ретінде Иран баллистикалық зымырандармен Израиль аумағын атқылады. Ресми дерекке сүйенсек, шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жараланды.