Шетелдік басылымдар Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары туралы жазып жатыр. Олардың қатарында беделді «Bloomberg», «Reuters», «Анадолы»ақпарат агенттіктері бар. «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті де басты назарда. «Қытай — аймақ елдерінің ең ірі сауда серіктестінің бірі, арадағы сауда-саттық 90 млрд доллардан асқаны» да атап өтілген.
The Japan times: Бұл тақырыпқа TheJapanTimes газеті көлемді мақала арнады. 2020 жылдан бері Қытай лидері Қазақстанға осымен үшінші мәрте сапар шеккені атап өтілген. Қазақстан және Қытай басшыларының кездесуінде көптеген келісімге қол қойылатыны да басты назарда. Қытайдың East Hope Group компаниясы елімізде жылына 3 млн тонна алюминий өндіретін зауыт ашатыны, 2029 жылға таман Қазақстан үкіметі Қытайдан 150 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын да атап өткен.
Рейтер: Әлемнің ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі Рейтер тілшілері де Қытай лидерінің сапары туралы бірқатар мақала жазған. Материалдардың бірі Қытай мен Қазақстан сауда, инвестиция, технология, туризм мен кеден саласында ынтымақтастық туралы құжат алмасты деп басталған. Автор кездесуде Си Цзиньпиннің «Халықаралық ахуал өзгеріп жатқан тұста, Қытай мен Қазақстан халықаралық жүйені және халықаралық құқыққа негізделген тәртіпті берік қорғауы керек» деген сөзін келтірген.
Әл-Жазира: Халықаралық «Әл-Жазира» телекомпаниясы «Си Цзиньпин Орталық Азия лидерлерімен кездесті» деп жазды. «Қытай лидері Бейжіңнің аймақпен байланыстарын тереңдетуге бағытталған жоғары деңгейлі дипломатиялық жиынға қатысуға Қазақстан астанасына барды. Бұл саммит Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің өршуі тұсында өтіп жатыр», - дейді автор. Сонымен бірге Қытай Орталық Азияның 5 республикасының сауда әріптесі екені атап өткен. Оның ішінде 2023 жылы Қазақстан Қытайдан 18.7 млрд долларға тауар импорттап, ал Қытайға экспорт 15 млрд долларға жеткен.
Анадолы агенттігі: Түріктің ең ірі Анадолы ақпарат агенттігі материалын Қытай лидері Си Цзиньпин Қазақстанға үш күндік сапар шекті деп бастаған. Маусымның 16-17 күндері Қазақстан мен Қытай басшылары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған екіжақты кездесу өткізетіні туралы да айтылған. Қазақстан астанасында Қытай мен Орталық Азияның 5 мемлекетінің лидерлері арасында екінші саммитке де тоқталып, Қытай мен аймақ елдері арасында сауда-саттық былтыр 94,8 млрд долларға жеткенін хабарлады.
Арай Төлеген