Абай даңғылы №24/1 үйдің 5-ші подъезінде болған жарылыстан кейін Ақтөбе қаласының әкімдігі "КазИнжинирингЦентр" ЖШС арнайы мамандандырылған мекемесіне техникалық сараптама жасауға тапсырыс берген болатын. Бүгін техникалық сараптама қорытындысын қала әкімі Азамат Бекет және мемлекеттік мекемелер басшылары үй тұрғындармен бірге тыңдады.
Сараптама қорытындысын тұрғындарға "КазИнжинирингЦентр" ЖШС бас инженері Арсен Кабылгалимов баяндады.
"Біздің мамандар 8 подъезді, 5 этажды тұрғын үйдің техникалық жағдайына сараптама жасау үшін жұмыс жүргізді. Болған жарылыс салдарынан үйдің 5-ші подъезі ғана авариялық деп танылып, ол жерде түгел демонтаж және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек деген қорытындыға келдік. Ал жұмыстар аяқталғанға дейін 5-ші және оған жапсарлас тұрған 4-ші және 6-шы подъезд тұрғындары пәтерлерін уақытша босатулары керек. Себебі бұл екі подъезде де конструкциялық бекіту (укрепительные работы) жұмыстары жүргізілетін болады. Ал үйдің басқа подъездеріне жарылыс ешқандай әсер еткен жоқ. Үй тұруға жарамды, қауіп жоқ", — деді бас инженер.
Қала әкімі үш подъездің тұрғындарын жөндеу-қайта қалпына келтіру (ремонтно-восстановительные работы) жұмыстары аяқталғанға дейін көшіру мәселесіне тоқталды.
"Біз сіздерге қала әкімдігінің заң аясында ғана бере алатын қолдауын ұсынатын боламыз. Үш подъезде 45 пәтер бар. Қалпына келтіру жұмыстары бюджет тарапынан жасалады. Жұмыстар аяқталғанға дейін тұрғындарға Есет батыр тұрғын алабындағы жергілікті атқарушы органның балансындағы үйден уақытша тұру үшін ақысыз пәтерлер бөлеміз. Көшіру жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар осы үш подъездегі әр отбасыға өмірдің қиын жағдайына тап болғандары үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік қолдауақы төленетін болады. Біздің мамандар сіздермен үнемі байланыста. Әр қадамымызды ақылдасып шешіп отырамыз", — деді Азамат Бекет.
Еске салсақ, маусымның төрті күні аталған үйдің 5-ші подъезд, 4-ші қабаттағы бір пәтерден жарылыстан өрт шықты. Оқиға салдарынан пәтер иесі көз жұмды. Үш подъезд тұрғындары эвакуацияланып, уақытша жатақханаға көшірілді, үш мезгіл ас-сумен және гигиеналық құралдармен ақысыз қамтылып отыр. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Оның қорытындысы әзірге шыққан жоқ. Төтенше жағдайлар басқармасы жұмысын жалғастырады.