Арнаулы мемлекеттік қор арқылы бөлінген 318 млрд теңге есебінен ел көлемінде 400-ден астам әлеуметтік нысан – білім беру, денсаулық сақтау, спорт және сумен жабдықтау жобалары салынуда. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға нақты үлес қосып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат бүкіл ел бойынша жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына жұмсалады.
Басты назар әлеуметтік маңызды инфрақұрылымға аударылады
Қайтарылатын қаражат Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.
Бүгінде жалпы сомасы 318 млрд теңгені құрайтын 406 жоба қаржыландыруға бекітілді. Соның ішінде 333 жоба іске қосылады. Олардың қатарында 9 білім беру нысаны, 3 спорттық кешен, 162 денсаулық сақтау жобасы және 159 сумен қамту жүйесіне қатысты бастама бар.
Барлық жоба Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіледі. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Шалғайдағы елді мекендерде медициналық көмек көрсету үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында медициналық мекемелер құрылады. Су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес келеді, бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам.
Жаңа құрылыс нысандары бой көтереді
Өңірлерде қайтарылған активтер қаражаты есебінен білім беру мекемелері, спорт кешендері, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау нысандарының құрылысы белсенді түрде жалғасып келеді.
Астанада ескі стадионның орнына Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынады. Жабық спорт ғимараты мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындарды қосқанда, 3598 орынға есептелген. Құрылыс UEFA халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Алматыда қайтарылған қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйесін салу бойынша 9 жоба іске қосылады.
Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешенінің тәрбиеленушілері үшін қайтарылған қаражатқа 300 орындық жатақхана салынады.
Шығыс Қазақстан облысында қайтарылған активтерге ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан Гематология орталығының құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Медициналық мекемеде 2 ғимарат: 148 орындық стационар және 24 төсек-орындық клиниканың пациенттеріне арналған қонақ үй жоспарланған.
Бас ғимаратта заманауи медициналық жабдықтармен зертханалар, радиациялық диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау және күрделі соматика бөлімшелері жабдықталады. Жаңа Орталық науқастарға емдеудің және оңалтудың озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен өңірде тағы 8 жоба іске асырылуда, оның 2-еуі – денсаулық сақтау және 6-ауы – сумен жабдықтау саласында.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде өңірді сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Арнаулы мемлекет қор қаражаты есебінен Соколов, Булаев және Пресновский топтық су құбырларын қайта жаңарту, сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырына қосылған Айыртау ауданы мен Шал ақын ауылдық елді мекендеріне жаңа су құбырлары мен бұрмалар салу жүріп жатыр.
Қарағанды облысында 7 ауданда 51 денсаулық сақтау объектісін – дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің құрылысы жоспарланды.
Ақмола өңірінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 38 жоба қолға алынып, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және спорт салаларын қамтып отыр. Қайтарылған активтер есебінен екі медициналық нысан ашылды. Аршалы ауданының Арнасай ауылында 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, ал Бұланды ауданының Алтынды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. 1 мыңнан астам азаматы бар үш елді мекеннің тұрғындары уақтылы медициналық көмекке сене алады.