Жас жігіт әуелі есікті ашпай қойған жүргізушіні балағаттап, кейін төбелеске шақырған.
Шымкентте автобус жүргізушісі соққыға жығылды. Жол ақысын талап еткен азамат ақыры оңбай таяқ жеп, ауруханаға түскен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жәбірленушінің айтуынша, жолаушы достарымен жабылып, аялдамада тепкінің астына алған. 36 жастағы Мақсат Жолаевтың қазір жағдайы ауыр. Ол өзгелерге сабақ болу үшін кінәлілердің барлығы жазалансын деп отыр.
Мақсат Жолаевтың төсек тартып жатқанына бір аптаға жуықтады. Автобус жүргізушісі жол ақысын төлемей, түсіп бара жатқан жолаушыға ескерту жасаймын деп оңбай таяқ жегенін айтады. Жас жігіт әуелі есікті ашпай қойған жүргізушіні балағаттап, кейін төбелеске шақырған. Ал оны аялдамада тағы үш досы күтіп тұрған екен.
"Түссем мына жақта үш бала күтіп тұр екен мені. Біреу басымнан балтамен ұрады. Біреуі колында кастетпен жағымнан ұрады. Жағым жыртылып кетеді. Сонымен талдым мен. Не болғанын білмеймін. Ешкім арашалаған жоқ ол жерде. Бәрі әйелдер тұр еді", – деді автобус жүргізушісі Мақсат Жолаева.
Бұл оқиға қаланың қақ ортасында кешкі уақытта болған. Соққыға жығылған жүргізуші жедел жәрдем көлігінде есін бір-ақ жинапты. Науқастың басы жарылған, беті жыртылған, жағы мен ішкі ағзаларына да зақым келген.
"Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу сотымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр", – деді ПД баспасөз қызметі.
Бірақ жүргізуші болса өзіне бір емес бірнеше адамның жабылғанына сенімді. Сондықтан күш көрсеткен өзгелері де жазасыз қалмасын деп отыр. Мақсат Жолаевтың жолаушылар тасымалдайтын автобус тізгіндегеніне биыл 5 жыл больпты. 36 жастағы азамат отбасының жалғыз асыраушысы, төрт баланың әкесі екен.