Current Date: 18-06-2025

Павлодарда алып кимешек әлемдік рекордтар кітабына енді

Ертіс өзенінің бойында қазақ әйелдерінің киелі бас киімі – кимешекке арналған 4 метрлік алып инсталляция тұрғызылды.

Павлодардың Орталық жағалауында отандық фэшн-индустриядағы мега рекорд тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дәстүрлі этномәдениеттегі қазақ әйелдерінің киімі – "Алып кимешек" таныстырылды. Павлодар қаласындағы Ертіс жағалауында ерекше мәдени шара "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған "Алып Кимешек" жобасы World Book of Records рекордтар кітабына енді.

Шараға 200 ана қатысып, ұлттық бас киім – кимешекті ұлықтады. Жобаның авторы – Гүлайым Акумбаева. Идеяның негізінде қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі кимешекті ұлықтау, көнеден жеткен құндылықтарды жаңғырту жатыр. Кимешек – аналардың мәртебесі мен тазалығын бейнелейтін, тарихи және рухани маңызы зор ұлттық бұйым.

– Шара аясында ұзындығы 3,8 метр, биіктігі 4 метр болатын алып кимешек көпшілік назарына ұсынылды. Ол 10 метрлік ақ матадан тігіліп, "Қошқар мүйіз", "Сыңар мүйіз", "Гүл", "Жапырақ" секілді ұлттық ою-өрнектермен кестеленген. Моншақтардың жалпы саны – 2025 дана: олардың ішінде 200 маржан, 200 інжу, 1625 жасанды моншақ бар, оның 560-ы Қазақ хандығының 560 жылдығына арналған алтын түсті моншақтар. Сонымен қатар, 80 дана әшекей тағылған: 25-і күміс, 55-і металл бұйым. Бұл әшекейлер Ұлы Жеңістің 80 жылдығын бейнелейді. Әрбір элемент тарихи және символдық мәнге ие, – дейді ұйымдастырушылар.

Алып кимешек 1950 жылы Павлодар облысында қолданылған дәстүрлі кимешек үлгісінің негізінде дайындалған. Оның әр бөлшегі – қазақ әйелінің нәзіктігі мен тектілігін, ұлттық сән өнерінің тереңдігін көрсетеді.

Шара аясында аналар шеруі, салтанатты ашылу рәсімі, күй мен би, алып кимешектің таныстырылымы, ұлттық киім дефилесі және рекордты тіркеу рәсімі өтті. Іс-шараға 200-ге жуық ана атсалысты. Олар бірдей ақ кимешек киіп, ұлттық бас киімді дәріптеу мақсатында Ертіс жағалауында бас қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Алып кимешек" – бұл сәндік бұйым ғана емес, ұлт рухының, аналардың қасиетінің символы.

Жобаның басты мақсаты – қазақтың киелі кимешегін халықаралық деңгейде таныту, ұлттық рухты көтеру және оны келешек ұрпаққа аманат ету.