Қазақстанда мектеп инфрақұрылымы қарқынды жаңарып жатыр.
Жаңа оқу жылында елімізде 300 мың оқушыға арналған 200 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Соның ішінде 206 мың орынды 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылады. Жаңа мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтермек.
Министрлік бұл шаралар қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында елімізде 15 апатты мектеп жабылады. Сондай-ақ үш ауысымда оқыту мәселесі шешіліп, 150 мыңға жуық оқушы орны тапшылығы жойылады.
Сонымен қатар, мыңға жуық ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтеді. Мектептерде жиһаздар жаңартылып, кітапханалар мен асханалар заман талабына сай қайта жасалмақ. Қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Ерекше көңіл техникалық жабдықтауға бөлінеді: химия, физика, биология, робототехника және STEM бағытындағы жаңа пән кабинеттері ашылады.
2025 жылдан бастап 2029 жылға дейін 1231 мектепті қамтитын ауқымды жаңғырту бағдарламасы іске қосылады. Биылдың өзінде 248 мектепте жөндеу жұмыстары басталады. Атап айтқанда, шатырлар ауыстырылады, ғимараттардың қасбеті мен терезелері жаңартылады, инженерлік жүйелер қайта жасалады. Сонымен бірге, мектеп ауласы мен айналасы абаттандырылып, көгалдандырылады.
Қазақстанда 2019 жылдан бері білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында ел бойынша 1200 жаңа мектеп салынды, бұл 1 миллионнан астам оқушы орнының пайда болуына мүмкіндік берді. Оқу-ағарту министрлігі бұл тек құрылыс емес, елдің болашағына, интеллектуалдық әлеуеті мен әлеуметтік теңдігіне салынған стратегиялық инвестиция екенін айтады.
Білім беру жүйесін жан-жақты дамыту күрделі жөндеуден бастап инновациялық жабдықтауға дейін қазақстандық мектептердің жайлы, қауіпсіз және заманауи болуына жол ашып отыр. Бұл еліміздің кез келген өңіріндегі балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік береді.