Current Date: 14-03-2025

Отандастарымыз халықаралық аударымдар арқылы шетелге 789 млрд теңге жіберген

2024 жылы Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) арқылы жүргізілген транзакциялардың жалпы көлемі 1,05 трлн теңгені құрады.

Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 21%-ға төмендеген, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Ұлттық банктің мәліметінше, барлық аударымдардың 97%-ы трансшекаралық операцияларға тиесілі, яғни Қазақстан мен шетел мемлекеттері арасындағы қаржы қозғалысын қамтиды.

Шетелге жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі – 789 млрд теңге, бұл ХААЖ арқылы жүргізілген барлық трансшекаралық операциялардың 77%-ын құрайды.

Қазақстаннан шетелге жасалған бір аударымның орташа сомасы – 373,6 мың теңге.

Аударымдарды қабылдаған негізгі елдер:

  • Өзбекстан – 29,7%
  • Ресей – 29,4%
  • Түркия – 19,8%
  • Грузия – 6,8%
  • Қырғызстан – 3,7%

Бұл аударымдардың 83%-ы "Золотая Корона" жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Ал, шетелден Қазақстанға жіберілген ақша аударымдарының көлемі – 236,8 млрд теңге, бұл трансшекаралық аударымдардың 23%-ын құрайды.

Ақша жіберілген негізгі елдер:

  • Ресей – 26,1%
  • АҚШ – 13,7%
  • Оңтүстік Корея – 10,3%
  • Өзбекстан – 10,0%
  • Түркия – 8,6%

Қазақстанға келіп түскен аударымдардың 81%-ы "Золотая Корона" және "Western Union" төлем жүйелері арқылы жіберілген.