Current Date: 18-06-2025

Мәжіліс кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын мақұлдады

2025 жылғы 18 маусымда Мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат Сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Аталған құжат қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы ұлттық жүйені жетілдіруге, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын іске асыруға бағытталған.

Заң жобасы мынадай нормаларды қамтиды:

  • Қаржылық мониторинг субъектілерінің жаңа санаттарын енгізу: қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар; тауарлық биржада қызмет ететін және биржалық тауарлармен мәмілелер жасайтын брокерлер; ұялы байланыс операторлары; "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы; осы ұйымдарға қатысты уәкілетті органды айқындау.
  • Қаржылық мониторинг субъектілері үшін күдікті әрекеттер туралы уәкілетті органға хабарлау міндетін енгізу.

Сондай-ақ, кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жүйесі екі деңгейге бөлінетін болады:

  • Ұлттық деңгейдегі бағалау – Қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді;
  • Салалық деңгейдегі бағалау – өз құзыреті шеңберінде бақылау жүргізетін мемлекеттік органдар орындайды (уәкілетті органмен келісілген әдістеме бойынша).

Екінші оқылымда депутаттар мынадай түзетулерді қабылдады:

  • Мәдени құндылықтарды қолма-қол сатып алу-сату, Қазақстанға әкелу және одан шығару операциялары бойынша қаржылық мониторинг шегін 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендету;
  • Цифрлық активтермен жасалатын операциялар үшін 5 млн теңге және одан жоғары сомаға қаржылық мониторинг жүргізу талабын енгізу;
  • Қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органның коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдауы мен мониторингі – кірістерді жылыстату, терроризм мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдерін анықтау мақсатында;
  • Қаржы ұйымдарының басшылық лауазымына үміткерлерді тексеру – олардың бұрын қылмыстық кірістерді жылыстатуға, терроризмді немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысы бар адамдармен байланысы бар-жоғына қарай;
  • Бенефициарлық меншік иесінің (заңды тұлға) қылмыстық кірістерді жылыстату, терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын тарату саласындағы қылмыстары үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болмауы керек деген талапты енгізу;
  • "Жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру" ұғымын заңнамаға енгізу;
  • Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржылық мониторинг жүргізілетін субъектілер тізіміне қосу;
  • "Қағаз жүзіндегі банктерді" (банктер-ширмалар) құруға тыйым салу;
  • Қаржылық мониторинг субъектілерін тексеру кезінде скорингтік жүйе (тәуекелге негізделген тәсіл) енгізу;
  • Қашықтықтан мониторинг жүргізу механизмдерін енгізу;

Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға қылмыстық кірістерді жылыстату, терроризм мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдері бойынша салалық бағалау жүргізу міндетін үш жылда бір рет атқару талабын енгізу.