Current Date: 19-06-2025

Ә.Әбужақынова: Алтынның ауылы алыс емес

Алтынның ауылы алыс емес. Жуырда ғана дзюдодан тарихи жетістік тіркеген Әбиба Әбужақынова Венгрияда өткен әлем чемпионатын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды 24kz.

Ол Olympic.kz сайтын берген сұхбатында шілдеге дейін демалыс алғанын жеткізді. Осы аралықта денсаулығына мән беріп, жарақаттың алдын алуға жұмыстар жүргізбек. Ал, шілдеден бастап қайтадан толыққанды жаттығуға кіріседі. Бұған қоса, ол алда бірқатар халықаралық жарыс барын алға тартты.

Ал, негізгі мақсаты – Әлем чемпионатының алтынын алатын уақыт алыс еместігін жеткізді.

Әбиба Әбужақынова, Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері:

- 2025 жылдың соңына қарай бірнеше маңызды халықаралық жарыс бар. Соның ішінде Grand Slam турнирлеріне қатысамын. Әрине, нақты шешімді бапкерлер штабы қабылдайды. Бірақ мен барынша дайын болуға тырысамын. Жаттығуды жүйелі жалғастырып, физикалық та, техникалық та деңгейімді жаңа сатыға көтеруім керек. Әр белдесуде кеткен қателіктерді саралап, солармен жұмыс істеу де басты назарда. Себебі, алтынның ауылы алыс емес деп ойлаймын.