Current Date: 19-06-2025

"Кірістер төмендеп барады": Сенатор мәселе көтерді

Сенатта Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.

Сенатор Серік Шайдаров жобалар аяқталмайтынын, ал кірістер төмендеп жатқанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2024 жылдың қорытындысы бойынша жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы жобалардың аяқталмау себептері ретінде республикалық бюджеттің қаражатының шектеулілігі мен бақылау шотында қолма-қол ақшаның болмауы жиі кездеседі. 2024 жылы трансферттерді есепке алмағанда, кірістер көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге азайды. Оның ішінде салық түсімдері 605 млрд теңгеге төмендеді. Бұл республикалық бюджет бойынша кіріс жоспары 2 трлн теңгеге қысқартылғанына қарамастан орын алып отыр. Осы жылғы кірістер жағдайы жақсы емес", – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Серік Шайдаров биыл республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына қатысты қандай болжам бар деп сұрақ қойды.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, былтырғы бюджетті болжамдаған кезде басты деректер ретінде Brentмұнайының бағасы 75 доллар, валюта бағамы 1 долларға шаққанда 470 теңге негізге алынды.

"Қазір біз одан алыспыз. Бірінші тоқсанда мұнайдың бағасы барреліне 75 доллар болды, бірақ екінші тоқсаннан бастап сәл төмендеді. Сол себепті осы бағаның өзгеруі бюджетке әсер етеді. Сонымен қатар экспорттық металдың бағасы оң динамика көрсетті", – деп жауап берді ведомство басшысы.

Айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілендіру арқылы бюджетке қосымша 400 млрд теңге тартылды.

"Бұл цифрландыру нәтижесінде фискалдық әкімшілендіру тиімділігінің артқанын көрсетеді. Жалпы айтқанда, қаңтар-мамыр айларында кірістер жоспары 100,5 пайызға орындалған. Экономикалық жағдайға әсер ететін біраз сыртқы факторлар бар. Олар әрине ішкі факторларға әсер етеді. Сонда бюджеттік параметрлер қайта қаралуы мүмкін", – Ұлттық экономика министрі.

Айта кету керек, бұған дейін былтыр 526 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмей қалғанын жазған едік.