Current Date: 19-06-2025

"Әдейі емес": жапон дзюдошысы қазақ дзюдошысы Мейірлан Максимнен кешірім сұрады

Дзюдодан Жапония құрамасының мүшесі Гоки Тажима қазақ дзюдошысы Мейірлан Максимнен кешірім сұрады, деп хабарлайды Қазақстан Дзюдо федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Естеріңізге сала кетейік, Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының бесінші күнінде татамиге шыққан Мейірлан Максим (90 кг) 2024 жылғы әлем чемпионы — жапондық Гоки Тажимаға қарсы белдесу кезінде белсенді күрес көрсетіп, екі "шидомен" жеңіп жатқан сәтте жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмаған еді.

Спорт жанкүйерлері жапон дзюдошысы "лас әрекетке барып", бұл жарақатты әдейі келтірді деп болжады.

Осы ретте Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясының төрешілер жұмысына жауапты супервайзерге жүгініп, белдесуге қатысты мәселе көтерген.

IJF өз жауабында жапониялық спортшы тарапынан ереже бұзылмағанын мәлімдеген.

"IJF жарақат әдейі емес, әдіс жасау барысында сәтсіз қимыл нәтижесінде пайда болғандықтан белдесуде жапониялық спортшы тарапынан ереже бұзылмағаны, сәтсіздік спорттық тәртіпке қайшы әрекет ретінде тіркелмейтінін түсіндірді. IJF супервайзерлері Жапония құрамасының жаттықтырушы тобына спортшыларды аталған әдісті (o soto gaeshi) сақтықпен жасауды ескертті.

Мейірлан Максим ұлттық құрама дәрігері мен Әлем чемпионатының медициналық тобының нұсқаулығымен Будапештте ауруханада шұғыл тексеруден өтті. Нәтижесінде "Тізенің медиалды бүйір байламының үзілуі мүмкін деген күдік бар" деп диагноз қойды", — делінген хабарламада.

Федерацияның мәліметінше, Мейірланның жарақатына байланысты нақты ақпарат қосымша толыққанды тексеруден кейін беріледі. Қазіргі таңда ол жарақатын шұғыл емдеу мақсатында Қазақстанға аттанған.

"Белдесуден кейін жапониялық Гоки Таджима Мейірлан Максимнен жарақат үшін кешірім сұрап, татамиге оралғанын күтетінін айтты.

Мейірлан Максимнің денсаулығына алаңдаушылық білдірген барша жанкүйерге алғыс білдіреміз және дзюдошымыздың татамиге мықты болып оралатынына сенеміз", — делінген хабарламада.