Current Date: 20-06-2025

Аурухана іргетасы қаланды

Медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Абай елінің көптен көкейінде жүрген облыстық аурухана салу мәселесі шешілетін болды.

Семей қаласында салынатын облыстық көпсалалы ауру­ха­наның іргетасын қалау рәсімі өтті. Игілікті іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер қатысты.

Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес бой көтеретін, 300 төсектік көпсалалы ауруханада бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңес беру, тексеру бөлімі жұмыс істемек. Облыс басшысы медициналық нысанның өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап айтты.

«Абай облысы – ертеден дәрігерлік дәстүрі қалыптасқан өңір. Аймағымыздан шыққан білікті мамандар қазақ меди­цинасының негізін салды. Соңғы ширек ғасыр иінінде бұл сала назар­дан тыс қалып, білікті ма­ман­дардың басым бөлігі бас­қа өңірлерге қоныс аударды. Сондықтан бұл аурухананың іргетасын қалау – сол үзілген дәстүрді қайта жалғаудың нышаны. Мердігер компания өкілдері атап өткендей, аурухана озық үлгілі медициналық технология­лармен жабдықталады. Облы­сымызда осы уақытқа дейін мұн­дай сан салалы аурухана болған емес. Енді сол олқылықтың орны толады», деді облыс әкімі.

Облыста бүгінде 31 стацио­нарлық медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 20-ы мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Аймақ көлемінде әр 10 мың тұрғынға небәрі 59 төсектік орыннан келеді. Бұл – еліміздегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Мамандандырылған медици­налық қызметтің 70%-ы Семей қала­сында шоғырланған. Қазір­гі стационарлардың басым бө­лігі ескі, материалдық-тех­ни­калық базасы тозған. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 300 төсекке шақталғанымен, іс жүзінде 375 науқасты қабыл­дап отыр. Кардиология, инсульт, гинекология, токсикология, неврология, травматология бөлімдерінде төсек­тік орын тапшы. Жаңа аурухана осы тапшылықты жойып, заман, қоғам талабына сай ме­ди­циналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына қа­шықтан кеңес беретін телемедицина орталығы құрылады. Медициналық нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек.

Абай облысы