Ақсу қаласында 1968 жылы туған тұрғын көз жұмды.
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен қатты дауыл тіркелді. Табиғаттың тосын мінезі өңірдегі инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуатының өшуіне және бірнеше адамның жарақат алуына себеп болды, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, дауыл салдарынан 16 адам зардап шеккен, оның үшеуі – балалар. Сонымен қатар, Ақсу қаласында 1968 жылы туған тұрғын көз жұмды.

Облыс орталығы – Павлодар қаласында 47 нысанның шатыры бүлінген, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеме бар. Ақсу мен Екібастұз қалаларында 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан зақымданған. Сондай-ақ, Май және Павлодар аудандарында да бірқатар ғимараттар бүлінгені тіркелді.
Оқи отырыңыз: Петропавлда 72 жастағы зейнеткер үш айдан бері зейнетақысын ала алмай жүр
Өңірдің бірнеше қаласы мен аудандарында электрмен жабдықтау жүйесінде ақаулар байқалды. Қазіргі уақытта Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында жарық өшіп тұр.

Қазіргі таңда апат салдарын жою бағытында жедел жұмыстар жүргізілуде. Байланыс және электр желілеріне қатысты 16 бағана қалпына келтіріліп жатыр. Құтқару және жөндеу жұмыстарына 300-ден астам адам мен 103 бірлік арнайы техника тартылған.

Барлық шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.