Current Date: 20-06-2025

Құдыққа құлаған қызды құтқармақ болған ер адам туралы тың дерек шықты

Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жарлы ауылында болған қайғылы оқиға елді есеңгіретіп кетті.

Қоқысқа толы, пайдаланылмайтын құдыққа абайсызда құлап кеткен 9 жастағы қызды құтқаруға тырысқан 37 жастағы Нұрбол Бердіғалиевтің де өмірі қыршыннан қиылды. Марқұм — Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы, алты баланың әкесі еді. Ол ауылда 2017 жылдан бері тұрып, өңірдегі спорттың дамуына зор үлес қосқан, 40-қа жуық республикалық және облыстық турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін тәрбиелеген білікті маман болатын. 20 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атанған.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, қайғылы оқиға кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Қыз бала үй ауласындағы тереңдігі 10 метрге жуық, ұзақ уақыттан бері қолданылмаған, үсті тақтай және дөңгелекпен жабылған құдыққа түсіп кеткен. Оны құтқаруға тырысқан көршісі Нұрбол Бердіғалиев те құдық ішінде қалып қойған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам улы газдан уланған болуы мүмкін. Құтқарушылар екеуін де сыртқа шығарып, алғашқы көмек көрсеткенімен, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл жағдай қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады, ел ішінде үлкен резонанс тудырып, Нұрбол Бердіғалиевтің ерлігі мен адамгершілік қасиеті ерекше атап өтілуде.