Өзен суының жоғалуына жауын-шашынның аз түсуі де әсер еткен.
Осылайша, бір кездері арнасынан асып, тұрғындарды әбден әбігерге салатын Сайрамсу өзенінің жағдайы адам алаңдатарлық деңгейде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзеннен су жоғалуының тағы бір себебі айтылады. Ол – өзеннің жоғарғы жағында орналасқан гидроқұрылғы. Құрылғы су ағынын бөліп тұр, сол арқылы төменгі бөлікке ылғалдың жетуіне кедергісін келтіреді.
– Экологтар өзендегі тіршілікті сақтау үшін судың кемінде 70% өз арнасында қалуы қажет екенін ескертеді. Бұл – заңмен бекітілген талап, бірақ оны ешкім сақтап жатқан жоқ. Зертас ауылынан төменгі ағыста қандай да бір биоалуантүрлілік, әсіресе су экожүйесі жайлы айту мүмкін емес, – дейді эко-белсенді Сергей Балабенко.
Жалпы, Сайрамсу өзені 70 шақырымнан аса аумаққа созылады, оның үштен бірі Шымкент қаласы арқылы өтеді.
"Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы" РММ басшысының орынбасары Көпжан Сәдібектің сөзінше, биыл жаңбыр өте аз жауған. Әрі "Өзендердің таяздануы – климаттың өзгеруінің тікелей салдары. Бұл топырақтың тозуына, су ресурстарының сапасының төмендеуіне және өзен арналарының біртіндеп құрғауына алып келеді", — дейді ол.