Бұл жүйе мемлекеттік органдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетпек .
"Қазақтелеком" басқарма басшысы Бағдат Мусин отандық суперкомпьютерлер қандай болатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кеше қоймаға барып, "болашақ Қазақстанның" темір қондырғысы аман-есен жеткеніне көз жеткізіп, көңіліміз орнына түсті. Видеокарталар орнында тұр. Біздің NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютер елге жеткізілді. Енді таяу күндері Алматыдағы "Қазтелеком" деректер орталығында монтаж жұмыстары басталады. Шамамен 10 күнде дайын болады. 6,7 миллион CUDA-ядро, 1600 петафлопс, ондаған терабайт GPU-жады", – деп жазды Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, бұл жүйе мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға және ірі бизнеске қолжетімді болады.
"Оның көмегімен техногендік апаттар мен тәуекелдерді алдын ала болжауға, қалалардағы көлік қозғалысын бірнеше жылдарға есептеуге, дәрігерлердің үлкен деректер негізінде диагноз қоюына көмектесуге, қазақ тілін, мәдениетін, тарихы мен заманауи мазмұнды түсінетін үлкен тілдік модельдерді оқытуға болады. Сондай-ақ, шетелдік серверлерге тәуелді болмай, өзіміздің жасанды интеллект өнімдерімізді іске қоса аламыз", – деді ол.