Бұл жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпартивтік қорының қолдауымен іске асты, деп хабарлайды 24kz.
Ол Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында орналасқан. Орталық елдегі инклюзияны дамыту үшін ашылған медициналық орталықтар желісінің 46-шысы. Сонымен қатар Алматы облысындағы Sheksiz Mumkyndikter лагері де, ерекше балаларды қабылдай бастады.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен құрылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жылына Алматыдағы 600 ерекше сәбидің дамуына демеу болмақ. Мұнда келіп ем қабылдау үшін емхана дәрігерінен жолдама алу керек. Тұзды, сенсорлық, интерактивті бөлмелердің бүлдіршіндерге пайдасы көп. Логопед пен психолог та жұмыс істейді.
Гүлнәр Нұрланова, «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» МКК директоры:
- Біз 3 айдан 3 жасқа дейінгі сәбилерді қабылдаймыз. Бұл қаладағы жалғыз орталық. Мұнда медициналық көмектен бастап әлеуметтік және білім беру жұмысы қатар жүреді. 26 маман балалардың дұрыс дамуына көмектеседі.
Ал Алматы облысында алғашқы Sheksiz Mumkyndikter инклюзивті лагері ашылып, 50 бала ата-анасымен бір апта демалды. Олар футбол ойнап, садақ атып, робототехника, аспаз, бейнелеу өнерін үйренді. Бұл ата-аналардың ұсынысымен салынған церебралды сал ауруы және аутизмі бар балаларға арналған еліміздегі алғашқы әрі бірегей лагерь. Биыл жазда 250 бала осы демалыс орнына барады.
Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- Біріншіден, ем алады. Екіншіден, олар психологиялық ата-анасымен бірге көмек береді. Арнайы дәрігерлер бар, арнайы жұмыс істейтін мамандар бар. Ол жерде 7 күн бойы ем алып, содан кейін осы орталықтарға, болмаса, өздерінің өңірлеріне барады. Ол жерде тек қана Алматы өңірінен емес, Қазақстанның әр өңірінен өтініш арқылы келіп, сол лагерьге барады.
Қор инклюзия, денсаулық сақтау, білім беру және бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөліп отыр. Осындай көмектің арқасында 46 оңалту орталығында 30 мыңнан астам сәби көмек алуда. Орталықтардың дәрігерлері 5 жылда 4000 баланы аяққа тұрғызып, 2000 сәбиді сөйлеткен. Жыл соңына дейін ауылдар мен аудан орталықтарында тағы 7 орталық ашылмақ.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев