Ұлттық статистика бюросының дерегінше , бүгінде бір адам 3 айда орта есеппен 158 648 теңге жұмсайды. Шығынның басым бөлігі ет пен нанға, сүт пен күріш, қарақұмыққа кетеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюроға" сілтеме жасап.
Қазақстандықтардың үш айдағы жалпы қалта шығыны орта есеппен 312 мың теңгеден асқан. Оның тең жартысы азық-түлікке жұмсалады. Ұлттық статистика бюросының есебінше, бүгінде етке кемінде 48 мың, нан мен жарма өнімдеріне 22 мың, сүтке 15 мың 522 теңге кетеді. Табыстың басым бөлігі асқа кеткен соң, халық жиһаз, киім сынды басқа заттарға шығындалуды азайтқан.
"Картоп өнімдері бүгінде жалпы 123,4 мың тонна жиналды. Сонымен қатар, орамжапырақ 254,9 мың тоннаға, сәбіз 31,4 мың және пияз 12 мың тоннасы жиналып, ішкі нарыққа іске асырылып жатыр", — деді АШМ Егіншілік департаментінің басқарма басшысы Ерсайын Досымбетов.
Жыл басында картоп қымбаттағаны есте болар. Үкімет оған өнім тапшылығын себеп қылды. Содан ішкі нарықтағы инфляцияны ырыққа көндіру үшін экспортқа тұсау салынды.
"Тыйым салу арқылы өзіміздің ішкі нарықтағы қант, ұн сияқты тауарлардың нарығын қалыптастыра аламыз. Бірақ мұның макроэкономикалық зияндары бар. Бірінші кезекте сол өнімді өндіруші ауыл шаруашылығы өкілдерінің табасын төмендетуге әкеледі", — деді экономист Бауыржан Ысқақов.
Экономика министрі Серік Жұманғарин бүгінде нарықта тұрақтылық орнады деп санайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз