Current Date: 14-03-2025

Ақмола облысында Орман шаруашылығы саласында 400-ден астам әйел еңбек етеді

Ақмола облысында Орман шаруашылығы саласында 400-ден астам әйел еңбек етеді .

Табиғатпен етене жұмыс істейтін нәзік жандылар ерлермен қатар иық тірестіре қызмет атқарып, түрлі қиындықтарды еңсеруде. Олар орманшы, агроном, инженер, эколог және шебер сынды мамандықтарды игеріп, жасыл желекті өсірудің барлық кезеңіне белсенді атсалысады.

Людмила Назарова орманшылар отбасынан шыққан. Әкесінің қасында жүріп, табиғаттың әдемілігіне тамсанған ару, ақырында орманшы болуды ұйғарады. Арманы алдамапты. «Қазір орманға бір күн келмесем отыра алмаймын», — дейді ол. Еңбекқор жан тар кеңседе қамалып отырғанды ұнатпайды. Сондықтан табиғатпен тілдесіп, жұмысының көп уақытын орманда өткізеді.

Людмила Назарова, «Көкшетау» МҰТП Шалқар филиалының инженері:

- Мен бала күнімнен орманда өстім. Барлығын бес саусағымдай білемін. Кішкентай кезімде орманшы болуды армандадым. Қазір арманым орындалды. Маған мұнда барлығы ұнайды. Таза ауа, ну орман. Орманшы болу әйел адамға оңай емес. Бірақ өз кәсібін сүйген жанға қиыншылықтарды да жеңе алады.

Ал Роза Кузьминаның жұмысы сәл жеңілдеу. Ол орман шаруашылығында аудармашы болып қызмет етеді. Бірнеше тілді меңгерген ару өз өмірін ормансыз елестете алмайды. Жұмыстан қолы қалт босай қалса, ну ормаға асығып тұрады.

Роза Кузьмина, «Көкшетау» МҰТП Арықбалық филиалының аудармашысы:

- Орман шаруашылығы саласындағы жұмысым ұнайды. Орман алқаптарын көбейту және жануарлар дүниесін қорғау өте абыройлы іс. Бұл салаға өз үлесімді қосу мен үшін үлкен мәртебе.

Қазір аймақта 3 табиғи парк пен 13 орман шаруашылығы бар. Сала мамандарының сөзінше, қазір солардың әрқайсысында кемінде 10 шақты қыз-келіншек жұмыс істейді. Тіпті соңғы жылдары нәзік жандылардың қатары арта түскен. Мереке қарсаңында оларды табиғи парк басшылығы осылай құттықтап, еңбектерін елеп тұруды дәстүрге айналдырған.

Ербол Сағдиев «Көкшетау» МҰТП бас директоры:

- Осы орманшы арулардың арасынан инспектор, инженерлердің жұмысын ерекше атап өтер едім. Өйткені олар орман алқаптарын көбейтіп, жасыл желекті жайқалтуға көп үлес қосады. Сондай-ақ браконьерлермен де күреседі. Содан соң көп қыздар ағаш егу жұмысында істейді. Ол да оңай емес.

Жалпы ормашылардың жұмысы қауырт. Жазда орман алқабындағы өртпен алысса, қыста дала жануарларын қоректендіріп, браконьерлерден қорғайды. Осындай жауапты қызметте орманшы аруларға ешқандай жеңілдік жасалмайды. Өйткені жұмыстың аты жұмыс. Соңғы жылдары өңірде орман алқаптары көбейді. Бұл істе де орманшы арулардың үлесі мен еңбегі орасан.