Current Date: 30-06-2025

Ауылдық пікірсайысшылардың енді өз ұлттық турнирі бар - Auyl CUP

Қазақстанда алғаш рет тек ауылдық дебат командалары қатысқан Ұлттық дебат турниры өтті.

"Auyl CUP" турнирін "OzgerTeam" Қоғамдық қоры мен ҚР Білім министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы "Ауыл" партиясының және "Ansa" жеке қорының қолдауымен, сондай-ақ Халықаралық Ш.Мұртаза атындағы университетінің серіктестігімен ұйымдастырды.

"Ауыл" партиясының 25 жылдығына орай өткен "Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз" атты турнир, ауылдық мектеп пікірсайысшыларының ауылдың және ауыл шаруашылығының мәселелерін талқылаумен қатар, оларды шешудің өз бағдарламаларын ұсынған платформаға айналды.

"Ауыл" партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев партияның жастармен жұмысын күшейтіп жатқанын, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттердің интеллектуалдық және бизнес жобаларын қолдайтынын атап өтті.

"AuylCUP" Ұлттық дебат турнирі ауыл өмірі мен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды. Дәл осы турнирге ауылдық оқушылардың қатысқаны қуанышты, өйткені олар бұл мәселелерді нақты біледі және біз олардан жақсы кері байланыс алдық", – деді ол.

"Ansa" қорының атқарушы директоры және "OzgerTeam" қорының негізін қалаушысы Мұрат Жұманбай: "Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың, әсіресе ауылдық мектеп оқушыларының заманауи білім беру технологияларына қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. AuylCUP бұл жұмыстың сәтті мысалына айналды. Қазір біз бұл турнирдің дәстүрлі болып, жыл сайын өтуі мақсатында серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз", – деп атап көрсетті.

Еліміздің 17 аймағында өткен турнирдің іріктеу кезеңіне шамамен 1 мыңға жуық мектеп оқушысы, студент және педагог қатысты.

Аймақтық іріктеу турнирлерінде жеңіске жеткен Қазақстанның әртүрлі ауылдарынан шыққан 20 үздік фракция (команда) 20-21 маусымда Тараз қаласында өткен Auyl CUP ұлттық кезеңіне қатысты.

Олар урбанизация процесінің артықшылықтары мен кемшіліктері, ауылда тұрудың артықшылықтары мен ауылдық жастарға қолжетімді мүмкіндіктер туралы пікірталас жүргізді.

Сондай-ақ, олар ауылдық жастарға арналған кәсіпкерліктің жаңа тетіктерін және ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен қамтамасыз ету бағдарламасын ұсынды.

Бұдан басқа, қатысушылар "Ауыл" партиясын жастар арасында насихаттаудың ең тиімді жобаларын әзірледі және қорғады.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңгені құрады.

Турнир нәтижелері бойынша Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынаағаш ауылының Ынтымақ Жүніс пен Жамшидбек Қалдыбаевтан тұратын "Суетолог" командасы жеңімпаз атанды және 500 мың теңге ақшалай жүлдеге ие болды.

300 мың теңге жүлдесі және екінші орынды Атырау облысы Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылынан шыққан Жігер Өтепқали мен Әлмира Уәлижанның "Жаңа жастар" командасы жеңіп алды.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дариян ауылынан келген "Икигай" фракциясының спикерлері Төремұрат Гүлден мен Уәлиева Айгерім үшінші орынның иегері атанып, 200 мың теңге ақшалай жүлде алды.

Турнирдің үздік спикері Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының "Триумф" фракциясының спикері Айнұр Дәуірхан атанды. Ол 100 мың теңге жүлдеге ие болды.

Үздік төреші деп республикалық және ұлттық студенттік турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, теледидарлық дебат бағдарламаларының қатысушысы Дархан Өмірбеков танылды.

Logotype Massaget