Отандасымыз Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі «Ла Скала» театры академиясының тағылымдамасына қабылданды .
Қазақстандық опера әншісі 400-ден астам үміткердің ішінен оза шауып, үздік 12 орындаушының қатарына ілікті. Әйгерім бұған дейін Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық опера әншілері байқауында жеңімпаз атанып, италиялық опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығын иеленген. Сондай-ақ 500-ге жуық өнерпаз бақ сынасқан Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында да топ жарып, үздік үштіктің қатарынан көріне білді. Ал ертең ол танымал опера әншісі Хосе Каррерастың елордада өтетін концертіне қатысып, апта соңына қарай Андреа Бочеллимен Неаполь қаласының сахнасында қосыла ән шырқамақ.
Әйгерім Алтынбек, опера әншісі:
«Қазіргі таңда мен Италияда 2 жыл білім аламын. Парма қаласында Орекобойко атындағы консерваториясын тәмамдадым. Ең алғаш рет Ла-Скала театрының сахнасында өнер көрсетем. Мен оқуға түскеннен бұрын соған өте қуатты қуаныштымын. Ол сахнада өнер көрсету кез-келген вокалисттің арманы. 1973-1975 жыл аралығында біздің қазақтың керемет теноры Амангелді Сембин деген кісі Ла-Скала академиясынан білім алған. Сол уақыттан кейін, 50 жылдан кейін ең алғашқы мен сол академияға оқуға түсіп тұрмын және алғашқы қазақ сопранасы».