Current Date: 03-07-2025

Енді қылмыс туралы полицияға Egov Mobile арқылы хабарлауға болады

Қосымшаның басты бетінде арнайы “Заң мен Тәртіп” түймесі пайда болды.

Бұл белгішені басу арқылы пайдаланушылар полицияға тікелей хабарлама жолдай алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Өтініш формасы қарапайым әрі түсінікті. Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе жол-көлік оқиғасы секілді жағдайлар туралы сигнал жедел қабылданады, және полиция ол туралы хабарлама алған сәттен бастап дереу әрекет етеді", – деп хабарлады ІІМ.

Ұқсас белгішелер кейбір банк қосымшаларына да енгізілген. Қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және ел бойынша барлық өңірлерден өтініштерді қабылдайды.

Айта кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Ол жиналғандарды Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтады. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырды.