Current Date: 14-03-2025

Әр кәсіптің өз қиындығы бар – Ақжарқын Байтабынова

Арулар ер-азаматтармен қатар тұрып, түрлі салада еңбек етеді. Зауыт-фабрика, теміржол мен әскерде де қыз-келіншектер баршылық. Тіпті құрылыста да нәзік жандылар тер төгіп жүр. Мәселен, қабырғаны әктеу, әрлеу сынды жұмысты әйелден артық ешкім жасай алмайтыны анық.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Қабырғаны әрлеу жұмысында әйелдің қырағы көзі, ұқыпты қолы қажет. Құрылыс бұйымдары зауытында бұл міндет қыз-келіншектерге жүктелген. Ақжарқын апай осы салада қырық жылдан бері тер төгіп келе жатыр. Қазір жастарды баулып жүр.

Ақжарқын Байтабынова, сылақшы:

- Жұмыс барысын әдетте келген кезде үйретеміз ғой, былай жасайсың, былай жасайсың. Жөнін, жолын көрсетеміз. Соны өзі үшін әркім алып кетуі керек.

Аян Асылханұлы, сылақшы:

- Үлкен кісілерге қарап, солардың істегенін қайталап. Қателіктеріміз болса, айтып жібереді, көрсетіп жібереді. Сол кісілерден қарап үйреніп жүрміз. Ақжарқын тәтемізден қарап үйренеміз. Білмегенімізді айтып, үйрене алмай жүргенімізді үйретіп, өзі көрсетіп жібереді. Ол кісілерде тәжірибе көп қой енді.

«Әр кәсіптің өз қиындығы бар», - дейді Ақжарқын апай. Білген қолға кез келген шаруа оңай. Бастысы – ұжымдағы көңіл-күй. Бірлік болса, жұмыс та жеңіл жүрмек.

Ақжарқын Байтабынова, сылақшы:

- Өмірімнің көп уақыты осы құрылыс саласымен келе жатыр. Сондықтан мен үшін ештеңенің қиындығы жоқ. Жұмыстың барлығы ұжымның арқасында бітеді. Адамның ауызбіршілігі мен көпшіліктің арқасында бітіп жатыр. Енді бір блоктың өзінде қазіргі мысалы жасап жатқан, соның өзінде бір адамның, бір адаммен ешқандай жұмыс бітпейді.

Ақжарқын апай шамалы уақыттан кейін зейнетке шығады. Сондықтан қазірден бастап білгенін, өмірден түйгенін жастарға үйретуге барын салып жүр. Кәсібін сүюді өнегесімен көрсеткен апайға кейінгі толқын тарапынан да әрдайым құрмет зор.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов