Тегеранда мыңдаған адам үйіне оралды .
Тұрғындардың көбі АҚШ шабуылы салдарынан жан-жаққа бас сауғалап кеткен болатын. Қазір Иран мен Израиль келісімге келіп, шабуыл тоқтаған соң тұрғындар өз баспанасына оралып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Иран астанасындағы үйлердің басым бөлігі қабырғасы сөгіліп, үйіндіге айналған. Қазір Тегерандағы басты көшелере қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Арнайы блокбекеттер қойылып, полиция көліктер мен ұялы телефондарды жіті тексеріп жатыр. Мемлекеттік телеарна атысты тоқтату режимін растағанымен тұрғындар жағдай қайтып ушығып кете ме деп әлі де алаңдаулы.
Қазір Гиша, Мерздаран аудандарындағы үйіндіге айналған үйлерді тазарту жұмыстары басталды. Израильдің соққысынан алғаш боп зардап шеккен осы ауданның тұрғындары.
Ресми дерек бойынша 13 маусымнан бері Тегеранда шабуыл салдарынан 610 адам қаза тауып, 5 мыңдай адам ауыр жараланған. Бұл мәліметті Иранның денсаулық сақтау министрлігі таратты. Ал Израильде 28 адам көз жұмды.