Current Date: 28-06-2025

Үндістандағы ұшақ апаты: Қара жәшіктерден деректер алынды

Қара жәшіктер апаттан кейін бірнеше күн ішінде табылған.

Үндістанда апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясы ұшағының қара жәшіктерінен мәліметтер сәтті алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Үндістанның азаматтық авиация министрлігінің хабарлауынша, тергеу тобы қара жәшіктердегі "жад модуліне" қауіпсіз түрде қол жеткізіп, ақпаратты сәтті оқып шыққан. Бүгінде талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Оның мақсаты – апатқа себеп болған оқиғалардың тізбегін қалпына келтіру, ықпал еткен факторларды анықтау және авиациялық қауіпсіздікті арттыру.

Бұл қара жәшіктер апаттан кейін бірнеше күн ішінде табылған.

Жолаушылар ұшағы Ахмадабадтағы халықаралық әуежайдан Лондондағы Гатвик әуежайына дейін ұшуы тиіс болған. Бірақ көп ұзамай әуе кемесі тұрғын үй аймағына құлап кеткен.

Салдарынан ұшақ ішіндегі 229 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі, жерде болған тағы 29 адам қаза тапты.

Айта кету керек, бұған дейін Үндістанда ішінде 242 адамы бар жолаушылар ұшағы құлағанын хабарлаған едік. Ұшақ апатынан кейін Boeing акциялары құлдырады. Әуе кемесінде болған 241 адам қаза тапты. Бір жолаушы ғана тірі қалды.