Current Date: 28-06-2025

Иранмен соғыс Израильге опа бермеді

Өйткені , шығын көлемі 3 миллиард долларға жеткен.

Әрі DW басылымы аталған сома қолданылған қару-жарақ пен әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін ауыстыру шығындарын қамтымайтынын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нақтылағанда бұл – бағалау ракета соққыларынан бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру мен жергілікті бизнеске өтемақы төлеу үшін қажет қаржы. Сол себепті, жалпы залал көлемі бұдан әлдеқайда көп екені айдан анық. Мұны Bloomberg агенттігі Израильдің Қаржы министрлігі мен Салық қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

– Бұл – біз бетпе-бет келген ең ауыр мәселелердің бірі. Израиль тарихында мұндай ауқымды қирау болған емес, – деді Салық қызметінің басшысы Шай Ааронович.

Қаржы министрі Бецалель Смотрич соғысқа кететін жалпы шығын 12 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін айтып отыр. Десе де, Израиль Ұлттық банкінің басшысы Амир Ярон Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында "шамамен 6 миллиард доллар" деп атады.

Израиль билігі Иранмен арадағы соғыс бұрынғы қақтығыстармен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түскенін ашық мәлімдеді. Мұның себебі – зымыран соққыларының сипаты мен нысандары.

Шабуылдар нәтижесінде қиратылған негізгі нысандардың қатарында мыналар бар.

Израильдегі ірі ғылыми мекемелердің бірі – Вейцман институты;

Хайфадағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты;

Оңтүстіктегі аурухана.

Израиль мен Иран арасындағы әуе шабуылдары 13 маусымда басталды. Израиль сол кезде дрондар мен зымырандардың алғашқы толқынын жіберді. Оған Иран да қарап қалмай, 100-ге жуық ұшқышсыз зымыранмен соққы жасады.

Израиль тарапы қақтығыстан 28 адам қаза тауып, 1300-ден астамы жарақат алғанын хабарласа, Иран билігі 627 адамның қайтыс болғанын айтты.

Бұған дейін "Иран әлемге айбат шегу құралын пайдаланып келеді" деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған едік.