Current Date: 28-06-2025

Қазақстан Президенті шетелдік нейрохирургия мамандарын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургия қоғамдастығының дүниежүзілік Х конгресіне қатысу үшін Астанаға келген нейрохирургия саласының өкілдерімен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай форумның Қазақстанда өтуі отандық нейрохирургия жетістіктерінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конгресс нейрохирургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып, озық тәжірибе мен технология алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.

"Ұлт саулығы – кез келген елдің қарқынды дамуының негізі. Сондықтан денсаулық сақтау ісін жан-жақты өркендету мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы саналады. Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, маман даярлауға, үдерістерді цифрландыруға және аталған салаға инновациялық әзірлемелерді енгізуге мол қаржы бөледі", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нейрохирургияда жасанды интеллектіні қолдануға айрықша мән беретініне назар аударды. Сол арқылы медицинаның жоғары технологиялы салаларын белсенді дамытуды қолға алғанын жеткізді. Оның айтуынша, цифрлы және роботты технологиялардың арқасында отандық нейрохирургия саласы өркендеп келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан медициналық технологияларды трансферттеуге, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды әрі нәтижелі пікір алмасу үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министріне нейрохирургияға, жалпы медицина саласына озық технологияларды енгізу шараларын жандандыруды, Қазақстанда шетелдіктерді емдеу бойынша көрші мемлекеттермен үкіметаралық келісім жасау туралы Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақовтың ұсынысына қатысты жұмыс жүргізуді тапсырды.