Алматы облыстық Полиция департаментіне 40 жаңа қызметтік автокөлік берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыс әкімінің айтуынша, автопарктің жаңартылуы полиция қызметінің тиімділігін арттырып, құқық қорғау органдарының мобильділігін, қылмыстарға жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді.
Бұл – жай ғана техника емес. Бұл – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді құралдар. Халықтың тыныштығы мен тәртібі осы көліктердің арқасында жаңа деңгейге көтеріледі, — деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған көліктер Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Алатау, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне бөлінді.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда Алматы облысында ішкі істер саласын дамытуға 51 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталып, 167 автокөлік, заманауи техникалар, планшеттер мен серверлік құрылғылар сатып алынған. Сондай-ақ, бейнебақылау жүйелері орнатылып, 20 шұғыл шақыру түймесін (SOS) іске қосу жоспарланып отыр.