Ата-аналар мән-жайды балалар орталығындағы бейнежазбаны көрген соң білген, деп жазады inbusiness .kz сайты.
Қазір ата-аналар дабыл қағып жатыр. Жантүршігерлік бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап кеткен.
“Аманат и К” атты даму коррекциясы орталығына баратын балалардың ата-аналары редакцияға хабарласып, қолдарында нақты айғақ барын айтқан. Олар тәрбиешілердің балаларды ұрып, тамақ бермей қойған сәттері түсірілген видеоларды ұсынған. Бұл жайттар балаларға көмек көрсетілуге тиіс мекеменің өз ішінде болған.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы — “Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау, қатыгездік жасау белгілерімен” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер ретінде орталықтың педагогтары мен қызметкерлері қаралуда, яғни, балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар.
"Барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Іс бақылауда”, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бұл алғашқы шағым емес екені белгілі болды. Ата-аналар бұған дейін де полицияға бірнеше рет жүгініп, Қостанай білім бөліміне шағымдар жолдаған. Алайда қоғам назарын бұл мәселеге шулы видео жарияланған соң ғана аударды.