Болливуд актрисасы, үндістандық модель Шефали Джаривала 42 жасында жүрек соғысының тоқтауынан қайтыс болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Indian Express басылымының мәліметінше, әртістің туыстары оның өліміне алдыңғы күні салынған жасартатын екпе себеп болуы мүмкін деп болжайды.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 27 маусым күні күннің екінші жартысында Джаривала соңғы жылдары үнемі қолданып жүрген жасартатын препараттың екпесін салдырған. Түнге қарай Мумбайдағы пәтерінде оның қан қысымы күрт түсіп, діріл басталған. Туыстары оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер актрисаның қайтыс болғанын растады", – деп жазылған басылымда.
Сондай-ақ, Джаривала неврологиялық аурумен ауыратыны және тиісті дәрілер қабылдайтыны белгілі болды. Бұған қоса, қайтыс болған күні үйінде діни рәсім (пуджа) өткізуіне байланысты ол ауыз бекіткен. Бұл да аш қарынға қабылданған препараттардың кері әсерін күшейткен болуы мүмкін.
Полиция актрисаның үйінен дәрі-дәрмектерді тәркілеп, оның өлімін "кездейсоқ оқиға" ретінде тіркеді. Қорытынды шешім токсикологиялық сараптаманың нәтижесінен кейін белгілі болады.