Current Date: 30-06-2025

Алматыда жөке қандаласына қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда

Алматы қаласында жөке қандаласының жаппай таралуына қарсы жасыл желектерге жүйелі биологиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қала әкімдігі жұмыстар күн сайын таңертең және түнгі уақытта жүргізілетінін атап өтті. Адам мен жануарлар үшін қауіпсіз биологиялық құралдар қолданылады. Әсіресе аула аумақтарында өңдеу белсенді жүргізілуде.

Биологиялық өңдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 1-кезең сәуірде аяқталса, 2-кезең 1–30 маусым аралығында өтуде. 3-кезең 5 шілде мен 5 тамыз, ал 4-кезең 15 тамыз бен 20 қыркүйек арылығына жоспарланған.

Жалпы қалада жыл басынан бері 2,3 миллион ағаш өңделіп, тұрғындардан 2 мыңнан астам өтініш қабылданған.

Айта кетсек, қандалалардың көбеюінің басты себебі — ауа райының қолайлы жағдайы. Яғни салқын көктем мен кенет ысыған ауа температурасы (+35 °C дейін) олардың көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады.