Current Date: 30-06-2025

Тарихи нәтиже. Қазақстандық теннисші алғаш рет жұптық сында әлемнің сегізінші ракеткасы атанды

Әйелдер теннис қауымдастығы Уимблдон турнирі қарсаңында әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады.

Жұптық сында Қазақстан атынан өнер көрсететін Анна Данилина үшін бұл апта тарихи болып отыр. Ол Ұлыбританиядағы Истборн турниріндегі жеңісінің арқасында WTA жұптық рейтингінде сегізінші орынға көтерілді. Бұл Данилинаның спорттық кюмансабындағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, ол әлемнің үздік он теннисшісінің қатарына енді.

Жаңа рейтингте жекелей сында көшбасшылар тізімі айтарлықтай өзгеріске ұшырай қойған жоқ.

Жалпы рейтингтің көшін бұрынғыша Беларусь өкілі Арина Соболенко бастап тұр. Екінші орында АҚШ теннисшісі Кори Гауфф, ал үздік үштікті тағы бір америкалық спортшы Джессика Пегула түйіндейді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қазіргі таңда әлемдік рейтингте 11-орында тұр. Ол ұзақ уақыт бойы үздік ондыққа жақын орналасып келеді және алдағы Уимблдонда жоғары нәтижеге жетуді көздейді.

Юлия Путинцева да позициясын жақсартып, 34-орыннан 33-ші орынға көтерілді. Оның соңғы турнирлердегі тұрақты ойын үлгісі бұл жетістікке негіз болды.