Current Date: 30-06-2025

Сеулде Оңтүстік Корея тоғызқұмалақ федерациясы құрылды

Қалада 24-30 маусым аралығында тоғызқұмалақтан алғашқы халықаралық турнир өтті.

Федерация президенті болып Sanghee Oh ханым, Бас хатшысы болып Doh Hun Bae мырза сайланды. Былтыр қыркүйек айында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтің бастамасымен Sanghee Oh ханым басқаратын Сеулдегі Математика және ойындар Академиясымен Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы арасында меморандумға қол қойылған. Содан бері Корея тоғызқұмалақ қайраткерлері белсенді жұмыс істеп, тоғызқұмалақты арнайы сыныптардың бағдарламасына да енгізді.

Федерацияның құрылтай отырысы 24-30 маусым арасында өткен Кореядағы тұңғыш халықаралық жарысқа орайластырылды.

Тарихи шараларға Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаева мен Дүниежүзі федерациясының атқарушы директоры Серік Ақтаев, Моңғолия федерациясының басшысы Нұрбек Жырғаұлы қатысты.

Осы елдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов Кореяда тоғызқұмалақты дамытуда қолдау көрсетіп келеді.

Айта кету керек, 2025 жылғы 24-30 маусым аралығында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тоғызқұмалақтан алғашқы халықаралық турнир өтті. Жарысқа Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан және Қазақстан елдерінен ерлер мен әйелдер спортшылары қатысты. Турнирдің мақсаты – тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде насихаттап, елдер арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын, Монголия Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Нұрбек Жырғаұлы, сондай-ақ Корея тоғызқұмалақ федерациясының президенті Doh Hun Bae қатысып, ойыншыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңызын атап өтті.

Жарыс аясында классикалық форматта ойындар өтіп, шеберлік сабақтары мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Дархан Әнуарбеков , Ринат Керейбаев, Аяна Исахан, Гүлнәр Базаралиева, бас жаттықтырушы Айнұр Жакапбаева ұлттық ойынды насихаттауға өз үлесін қосып жатыр.


Оқи отырыңыз:

  • Байменов ЮНЕСКО хатшылығына тоғызқұмалақ ойынының тақтасын табыстады
  • Жоғары оқу орындары енді тоғызқұмалақ спортының кәсіби мамандарын дайындайды