Ал жаңа талапқа бағынбаған құрылыс компаниялары айыппұл арқалайды.
Елімізде баспана алудың шарты өзгереді. Енді салынып жатқан үйді қолма қол ақшаға сатып ала алмайсыз, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мұндай жағдайда құрылыс компанияларына айыппұл салынуы мүмкін. Яғни енді барлық төлем банк арқылы жүзеге асады.
Пәтер алу үшін талай жыл тірнектеп жинаған ақшасын құрылыс компаниясына санап беріп, соңында үлесінен айырылғандар көп. Ал Заңға енгізілген өзгерістер бойынша құрылыс компанияларынан тұрғын үйді сатып алу үшін барлық төлем екінші деңгейлі банктер арқылы жүреді. Сарапшылар бұл үлескерлер үшін тиімді деп отыр.
Ал жаңа талапқа бағынбаған құрылыс компаниялары айыппұл арқалайды. Демек, оларға 1 миллион теңгеден 7 миллион теңгеге дейін айыпппұл салу көзделген.
Сонымен қатар бұған дейінгі қолданылған алдын ала сату, басқа да келісімдер заңсыз болып есептеледі. Енді үлескердің ақшасын тарту ісін жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Сарапшылар бұл өзгерістер жылжымайтын мүлік нарығын ашық әрі қауіпсіз етуге септігін тигізеді деп отыр. Сенат мақұлдаған заң жобасы, президент қол қойғанан кейін күшіне енеді.