Current Date: 01-07-2025

Су ресурстарының ақпараттық жүйесі дайындалып жатыр

Платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді .

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Су ресурстарын орнықты және тиімді басқарудың қазіргі заманғы басты бағыттарының бірі – саланың цифрландырылуы. Осыған байланысты министрлік цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі және кешенді шараларды жүзеге асыруда. Біріншіден, 2025 жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады. Аталған платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерден біріктіреді. Бұл – спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар, гидропосттар, жедел есептілік және салалық статистика", – деді министр Үкімет отырысында

Нұржан Нұржігітов суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"3,5 мың км-ден астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең-кезеңімен автоматтандыру басталды. Атап айтқанда, осы жылы Қызылорда облысында 58 гидропостты автоматты су есептеу құралдарымен жабдықтау жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың км-ден астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарланып отыр", – деді ведомство басшысы.