Орталықтандырылған ауыз су жүйесінде сағат сайын су сапасы тексеріледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов краннан ағатын ауыз суға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан "Біз краннан ағатын суды қашан ішетін боламыз?" деп сұрады.
"Қазақстан бойынша қала тұрғындары 99,9 пайызбен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал ауыл тұрғындарында бұл көрсеткіш – 97,5 пайыз. Әлі 2,5 пайызды пайызбен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуіміз керек. Орталықтандырылған ауыз су жүйесінде сағат сайын су сапасы тексеріледі. Арнайы зертханалар бар, СЭС оны қосымша бақылап отырады. Меніңше, судың сапасы нашарлап кеткен жағдайда техникалық ақаулар салдарынан болады. Біз қашан фильтрден су ішпейміз немесе сатып алып ішпейміз дегенге келсек, бұл адамның өзінің көзқарасына байланысты деп ойлаймын. Бүкіл дүние жүзінде дүкендерде бөтелкедегі су сатылады. Бізде де солай. Керек болған жағдайда біз оны сатып алып ішеміз", – деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, жергілікті және орталық атқарушы органдар жылда судың сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр.
Тілшілер "Краннан су ішу қаншалықты қауіпсіз?" деп нақтылады.
"...Орталықтандырылған ауыз су бұл суды тұрмыста пайдалануға болады дегенді білдіреді",– деді Су ресурстары және ирригация министрі.
"Краннан су ішесіз бе?" деген сұраққа ведомство басшысы "өңірлерге барғанда әрдайым су ішемін" деп жауап берді.