Current Date: 01-07-2025

Петропавлдық блогер 3,5 жылға сотталды (ВИДЕО)

Петропавл қаласында 38 жастағы блогер Жаслан Көпеев 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сот оны ұлтаралық алауыздықты қоздырды және қоғамда іріткі салатын пікірлер айтты деп айыптады. Жаслан Көпеев — өзін «әуесқой тарихшымын» деп таныстырып, әлеуметтік желіде түрлі жазбалар мен видеолар жариялап жүрген азамат.

Оның жазбаларында басқа ұлттарды кемсіту, қорлау, ұлтаралық жанжал туғызатын сөздер жиі кездескен. Кей жағдайларда ол билікке қарсы шығуға шақырған. Сотта Көпеевтің жариялаған барлық жазбалары мен видеолары оқылды. Сараптама қорытындысы – бұл жазбаларда алауыздық тудыратын және араздық қоздыратын сөздер бар екенін растады. Оның үстіне жазбалар көп адам көретін ашық парақшаларда жарияланған.

Блогердің жазбалары әлеуметтік желіде үлкен талқылау тудырып, пікір жазғандар бір-бірін балағаттаған, тіпті кейбірі кездесуге шақырып, дауды шынайы өмірге ауыстырмақ болған. Тергеу барысында кейбір қолданушылар куәгер ретінде WhatsApp арқылы жауап берген. Петропавл тұрғыны Ольга Филимонова – блогерге алғаш шағым түсіргендердің бірі.

“Пікірлерде адамдар бірін-бірі қорлап, кімнің қай жерде тұруы керектігін айтып, ұлтқа тиісе бастады. Ондай сөздердің көбейіп кеткені қорқынышты” — деді ол сотта.

Сот үкімін оқыған судья Әсем Жаналина: “Қазақстан Конституциясы бойынша ұлтқа, дінге, нәсілге байланысты кемсітуге болмайды. Мұндай әрекет үшін заң қатаң жаза қарастырады. Барлық азаматтар заң алдында тең. Көпеев бұл әрекеттерді саналы түрде жасаған” — деп мәлімдеді. Көпеев өз кінәсін мойындамады. Сот залынан шыққан кезде ол: «Сатылған сот!» – деп айғайлап кетті. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Блогердің қорғаушысы апелляциялық шағым түсірмек. Егер шешім өзгеріссіз қалса, Көпеев жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтейді.