Мұндай жеңілдік ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жасалып отыр.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Комитет таратқан ақпаратқа сәйкес, алғашқы рақымшылыққа ілінген адамның бірі – қостанайлық тұрғын. Әрі мерейлі датаға орай биыл 300 сотталған адамға рақымшылық жасалмақ.
– Ер адам ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан, бұған дейін сотталмаған. Оны үйінде үш баласы мен жұбайы күтіп отыр. Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде шамамен 2000 адам жазасын өтеп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, 300 сотталған адамға рақымшылық қарастырылған. Бүгін осы заңға сәйкес, алғашқы сотталғандар бостандыққа шықты. Бұл жазасын өтеушілердің өміріндегі маңызды кезең, жаңа өмірді таза парақтан бастауға, қоғамға толыққанды оралуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, рақымшылықпен бостандыққа шыққандарға жаңа өмірге бейімделу үшін қажетті қолдау көрсетіледі. Тіпті, оларға жұмысқа орналасуға, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және қажетті құжаттарды алуға көмек берілмек.