Current Date: 03-07-2025

Қазақстанда жарақаттан болатын өлім азайды

Қазақстанда жарақаттан болатын өлім азайды

Соңғы 5 жылда елде жарақаттан көз жұму деректері 19%-ға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық травматология орталығының директоры Олжас Бекарисов хабарлады.

Жарақаттан болатын өлім-жітім көрсеткіші әсіресе Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында айтарлықтай төмендеген — бұл өңірлерде көрсеткіш 23%-дан 38%-ға дейін азайған.

2024 жылы 2,5 миллионнан астам адам травматологиялық көмекке жүгінген, оның ішінде 240 мың адам ауруханаларда емделген. Жыл ішінде 130 мыңнан астам операция жасалып, соның ішінде 1 556-сы жоғары технологиялы оталар болған.

Алайда жол-көлік оқиғаларына байланысты жарақаттар көбейіп отыр. 2024 жылы 31 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Нәтижесінде 40 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 452 адам қайтыс болды. ЖКО-лардың 50%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Жамбыл, Ақтөбе және Алматы облыстарында тіркелген.

Шұғыл медициналық көмек бойынша да бірқатар нәтижелер бар: жедел жәрдем қалада орта есеппен 8 минутта, ал ауылдық жерлерде 9 минутта жетеді. Зардап шеккендер ауруханаға орта есеппен 35 минутта жеткізіледі, бұл — медициналық салада «алтын сағат» деп аталатын, өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін шешуші уақыт.

Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы 2024 жылы 11 мыңнан астам операция жасап, оның ішінде 1 720 буын эндопротездеу, 1 500 омыртқа хирургиясы және 2 мыңнан аса артроскопиялық араласу жүргізді. Сонымен қатар орталық 20 жаңа диагностикалық және емдеу әдісін енгізіп, 11 патент алып, 42 ғылыми мақала жариялады. Телемедицина аясында 183 сараптамалық онлайн кеңес өткізіп, 15 резидент даярлап, өңірлерден келген 110 маманды оқытты.

Маман пікірінше, жарақаттану көрсеткішін азайту үшін алдын алу шараларын күшейтіп, шұғыл көмекті жаңғырту мен ерте оңалту жүйесін дамыту қажет. Жол апаттары мәселесінде түрлі ведомстволардың бірлесіп жұмыс істеуі аса маңызды.