Current Date: 03-07-2025

Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысының дәрігерлерімен денсаулық сақтау мәселелерін талқылады

Өңірлерге жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин мен Асхат Аймағамбетов және Қарақат Әбден Маңғыстау облысына барды. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Маңғыстау ауылында ашылған 150 орындық жаңа аудандық аурухананың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Маңғыстау облысындағы халқы ең көп ауданда бұрын толыққанды аурухана болмаған. Маусым айында ашылған жаңа көпсалалы аурухана алты корпустан тұрады. Онда жұқпалы аурулар бөлімі, балалар бөлімшесі, терапия, босану блогы, зарарсыздандыру, диагностика қызметтері, қабылдау бөлімі және бірнеше операциялық бөлме бар. Медициналық мекеме 150 науқасқа арналған, штатында 260 маман жұмыс істейді.

Депутаттар бұл жоба халыққа берілген әлеуметтік уәделердің іс жүзінде орындалғанының дәлелі екенін атап өтті.

Бұл – 200 мыңдай тұрғынның көп жылғы үмітін ақтаған маңызды жоба. Біз осы жобаны партияның сайлауалды бағдарламасына енгіздік және нәтижесін көзімізбен көріп отырмыз. Заманауи операция бөлмелері, зертханалары, қабылдау және босану бөлімдері бар аурухана енді 50 шақырым қашықта емес, ауданның өзінде тұр, – деді Е.Жаңбыршин.

Кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жаңарту мәселесі де талқыланды. Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге медицина саласын дамытуға бағытталған шаралар туралы баяндады.

Ауылды жерлердегі дәрігер тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Биыл Маңғыстау облысының ауылдарына көшіп барған 32 дәрігерге 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде (шамамен 9 миллион теңге) көтерме төлем берілген. Жалпы ел бойынша 700-ге жуық медицина қызметкері ауылдарға жұмысқа ауысқан. Бұл да «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған.

Бұған қоса Президент тапсырмасымен медицина қызметкерлерін кәсіби сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Енді дәрігерлердің қателігі салдарынан болған шығындар маманның жеке қаражаты емес, бюджет есебінен өтеледі. Асхат Аймағамбетов өз сөзінде Мәжіліс депутаттары мен партияның осыған ұқсас өзге де нақты жетістіктеріне тоқталды.

Біз қорғаған ең маңызды нәрсе – алғашқы медициналық көмекті бәріне қолжетімді ету. МӘМС жарнасы болмаса да емханаға баруға, негізгі қан талдауларын тапсыруға, ЭКГ, УДЗ өтуге, әлеуметтік маңызды аурулар бойынша (туберкулёз, АИТВ, онко) ем алуға, дәрігер кеңесін алуға құқығы бар. Бұл міне, Президенттің тапсырмасына сай, оны қамтамасыз ететін маңызды шешім болды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге қосымша құн салығы салынбайтын болды. Бұл шешім ең қажетті дәрі-дәрмектер бағасының қымбаттауының алдын алады, – деді А.Аймағамбетов.

Дәрігерлер соңғы жылдары мемлекет денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөле бастағанын, партия халық өтініштерін қарап, нақты өзгерістерге қол жеткізгенін айтты. Дегенмен кадр тапшылығы, тұрғын үй, шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін логистика мәселесі әлі де өзекті. Дәрігерлер бұл түйткілдерді жүйелі түрде шешу, ашық диалог жүргізу және бірлесіп әрекет ету маңызды екеніне тоқталды.

Кездесу барысында депутаттар аурухананы аралап, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Олардың ұсыныстарын тыңдап, өзекті мәселелерді ашық талқылады. Айтылған ұсыныстар депутаттардың бақылауына алынып, жауапты министрліктермен бірлесе пысықталады.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 6 денсаулық сақтау нысанын салу, 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу және бастапқы медициналық-санитарлық ұйымдарды заманауи құралдармен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған.