Current Date: 03-07-2025

Атырауда спутник арқылы 27 заңсыз қоқыс алаңы анықталды

Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаменті хабарлады.

Спутниктік түсірілімдер арқылы Атырау облысының аумағынан рұқсатсыз қалдықтар тасталған орындардың 20-сы Атырау қаласының, ал 7-і Махамбет ауданының аумағында орналасқаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ жайық" басылымына сілтеме жасап.

Осыған байланысты 1 шілде күні Атырау облысы бойынша экология департаменті "Арнаулыавтобаза" ЖШС-нің коммуналдық қызметкерлерімен бірлесіп, рейд ұйымдастырды.

Рейд барысында Сарыөзек ықшамауданы маңындағы бірнеше заңсыз қоқыс алаңы арнайы техниканың көмегімен тазартылды. Оған үш техника мен коммуналдық қызметкерлер жұмылдырылды.

Экология департаментінің мәліметінше, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен облыстық Полиция департаменті өкілдерімен бірлескен рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралардың мақсаты — заңсыз тұрмыстық қалдық тастаушыларды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту.

– "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ спутниктік жүйе арқылы анықталған барлық 27 орын бойынша жергілікті атқарушы органдарға тазалау жұмыстарын жүргізу туралы хаттар жолданды, – деп хабарлады экология департаментінің баспасөз қызметі.