Желіде оқушыларға арналған жаздық лагерьдің тазалық пен қауіпсіздік мәселесіне шағымданған жасөспірім қыздың видеосы тарады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Видеодағы оқушы қыздың сөзіне сенсек, лагерьге жазғы демалыстарын жайлы өткіземіз деп келген балалар жайсыз жерде ұйықтап, лас бассейнге түсуге мәжбүр болған көрінеді.
”Бізде жуынатын жері де дұрыс емес. Біз келгеннен бастап жуынған жоқпыз. Барлығы жылап жүрді. Сосын бізге бассейнге сағат 3-те барасыңдар деді. Бассейннің түрін көрсек, кір, асты шіріп кеткен, сулары сап-сары екен. Ағайлар өздері жиналып отқанда “тазалап алу керек еді” деп айтты. Сонда балаларға лас бассейн беріп отырады екен. Жататын орында төсек жабдықтары жуылмаған, иістері шығып сасып жатыр. Жататын жерімізде кәдімгі ағаш, матрасы жоқ. Жуынатын және жататын жерлері сынып жатыр”, — дейді ол.
Аталмыш видеоны өзінің Instagram парақшасында бөліскен журналист Гүлмира Әбіқай еліміздегі әр 10 лагерьдің 4 ғана талапқа сай келетінін айтады.
“Жаз шыға 3 млн, 200 мың бала лагерьге аттанды. Елімізде 10 мың лагерь барын білесіз. Соның бәрі оқушыны алаңсыз қарсы алуға дайын ба?
Мәселен, Түркістан облысында “Қуаныш” лагеріне жіберілген оқушылар басқа жаққа орналасқан. 3 күн байланыссыз қалған балалар әке-шешелерімен жылап көрісті.
Лагерь үшін жайлылықтан бұрын қауіпсіздік мәселесі өзекті. Одан кейін тағамы, тазалығы һәм бағдарламасы. Өкінішке орай көп лагерь әкімшілігі бассейнге атүсті қарайды. Әйтеуір, салдым болдым дегендей. Мынадай аптап ыстықта бала деген бассейнді күтпей су көрсе шомп беруге құмар. Сондықтан, ауыл, қала баласы демей суға шомылу ережесін қатаң сақтап, баланың өзіне деген қауіпсіздігін күшейту керек. Әйтпесе, жыл сайын елімізде 200-ден аса адам суға кетеді, оның тең жартысы балалар.
Егер, лагерь келісілген талаптарға, санитарлық нормаларға сай келмесе балаңыз үнсіз қалмасын! Сіз де ата-ана ретінде шағым талап түсіруге құқыңыз бар. Жаз айларында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ел аумағында 20 жедел желі, колл орталықтар іске қосылды. Өкінішке орай, жаз басталмай жатып әр 10 лагерьдің 4 ғана талапқа сай келетіні анықталды. Балаңыз түзде болғанымен қадағалау сізде болсын, ата-ана!
Лагерьге аттандырған балаңыздың демалысы қалай өтуде? Ал, айта беріңіздер”, — деп жазды журналист.
Желі қолданушылары жаздық лагерьлерге қатысты түрлі пікір жазуда.
”Жылда осы, гороноға да жаздық, ешқандай шара жоқ”, “Шыдады, осы Қуаныш деген лагерьге барған еді. Айтып отырғаны рас, балаларымыз қарындары ашып келді”, “Көрдік лагерьді, масқара, ішіп алған, жартылай жалаңаш еркек адамдар жүреді”, — деп жазды олар.

