Биыл мереке 6 шілдеде тойланады.
Ұлттық Домбыра күніне орай, Қазақстанда 300-ге жуық іс-шара өтетін болса, оның 200-ден астамы өңірлерде ұйымдастырылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
6 шілде күні өтетін ең маңызды мерекелік шаралар:
- Алматыдағы MEGA Alma-Ata ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің мерекелік концерті;
- Көктөбе саябағының алаңында Dombyra party атты салтанатты концерт.
- Астанадағы амфитеатр алаңында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт.
- ҚР Ұлттық музейінде көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт.
- Жамбыл облысында, "Көне Тараз" археологиялық саябағы аумағында "Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет" атты музыкалық кеш.
- Түркістанда, "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени музей-қорығының алаңында "Домбыра – дастан" атты мәдени-көпшілік іс-шара.
Бұлардан бөлек, Қазақстанда Домбыра күніне орай челлендж өтіп жатыр, оған 100-ге жуық мәдениет саласының көрнекті өкілі қатысуда.
Еске салайық, Ұлттық Домбыра күні жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде мерекеленеді. Ол 2018 жылы Президенттің бастамасымен бекітілген болатын. Мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын оятуға және ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға бағытталған.
Оқи отырыңыз:
"Домбыраны дыбыс тани білетін адам жасауы керек". Шебер Жолаушы Тұрдығұловпен сұхбат
Абай мен Шәкәрім, Махамбет пен Біржан салдың домбырасы сақтаулы Ықылас музейінен фоторепортаж