Соңғы жылдары Сайрам ауданында экономиканы арттыру, ауылдық жерлерде өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлік кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті өндірісті ынталандыру және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға басымдық беріп келеді. Президент жариялаған “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында Сайрам ауданында қолға алынған нақты істердің бірі – Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан “SMTextile” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін фабрикасы.
Ауылдық жерде орналасқан бұл өндіріс орны – тек жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар аудан экономикасына серпін беріп отырған маңызды нысан. Бүгінде фабрикада 60-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі, ал аудан үшін – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың бір тетігі. Фабрикада негізінен арнайы киімдер тігіледі. Атап айтқанда, әскери қызметкерлерге, мұнай және теміржол саласының мамандарына арналған арнайы киімдер, сондай-ақ түрлі сала мамандарына қажетті жұмыс киімдері осы кәсіпорында өндіріледі.
“SMTextile” фабрикасының өнімдері отандық нарықта сұранысқа ие болумен қатар, көрші мемлекеттерге де экспортталуда. Атап айтқанда, дайын киімдер Ресейге және Орта Азия елдеріне жеткізіледі. Бұл – отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі. Өнім көлемінің артуы мен шетелдік тапсырыстардың көбеюі кәсіпорынның даму қарқынына оң әсер етіп отыр. Кәсіпорын жетекшісі алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтіп, ауылдық округтерде қосымша тігін цехтарын ашуды, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын көптеп құруды жоспарлап отыр. Мұндай бастамалар ауыл жастары мен әйелдер қауымын еңбекке тартуға, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның даму ниеті мен өндірісті кеңейту жоспарына орай жергілікті әкімдік тарапынан да қолдау көрсетілуде. Ауыл әкімдігі мен аудандық мәслихат депутаттары кәсіпкерге қажетті инфрақұрылым мен аумақтар мәселесін шешуге жәрдемдесетіндерін айтып, нақты істер қолға алынатынын жеткізді. Бұл – мемлекеттік басқару мен жеке кәсіпкерліктің өзара тиімді ынтымақтастығының үлгісі.
Жалпы алғанда, “SMTextile” фабрикасының қызметі Сайрам ауданындағы экономикалық белсенділікті арттырып, халықты жұмыспен қамтудың бір жолына айналып отыр. Шағын ауылдан шыққан бұл кәсіпорын тек өндірістік табыспен ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да үлкен рөл атқаруда. Фабрикада жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі – әйелдер. Бұл – әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде жеңілдетілген несие беру, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, мамандарды оқыту және қайта даярлау ісі бар. Мұндай қолдаулардың нәтижесінде “SMTextile” сынды кәсіпорындар көбейіп, ауданда жаңа өндіріс ошақтары бой көтеруде. Қарамұрт ауылдық округіндегі “SMTextile” тігін фабрикасы – ауылда ашылып, тек аудан емес, тұтас өңір экономикасының дамуына серпін беріп отырған табысты жобалардың бірі. Өнімдерінің сапасы мен экспорты, жұмыс орындарының тұрақтылығы, даму жоспары және мемлекеттік қолдаумен үйлескен іс-әрекеттер – осының барлығы бұл кәсіпорынды аудан үшін стратегиялық маңызды өндіріс орнына айналдырып отыр. Мұндай үлгілі бастамалар көбейген сайын, Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық келбеті де жаңарып, еңбекпен өркендеген өңірге айналатыны сөзсіз.
С.АБЫЛБЕКОВА